Жаңалықтар
Биылғы оқу жылының ерекшелігі де және қиындығы да сол, қашықтықтан онлайн форматта білім алу. Алайда, әлемде орын алған пандемияның салдарларына қарамастан, қалыптасқан жағдаяттарға уақыт жоғалтпай, мәселенің алдын ала отырып, тиімді де оңтайлы шешімдер қабылдауда Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының білім саласындағы екі ел ынтымақтастығы белсенді жалғасуда.Осы орайда, Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің Ағылшын тілі Аймақтық бағдарлама кеңсесі мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университеті арасында АҚШ Мемлекеттік департаментінің қаржылық қолдауымен «Ағылшын тілінің виртуалды оқытушысы» бағдарламасының келісім-шарты жүзеге асырылды. Бағдарлама міндеті – ағылшын тілін педагогикалық мақсатта меңгеретін академиялық топтарда практикалық ағылшын тілін жетілдіру, жаңарған аутентті контент ұсыну, тіл және мәдениетаралық коммуникация маңыздылығын арттыру, сонымен қатар,тіл тасымалдаушы педагог арқылы білім алып, тілдік қабілет пен дағдыларды меңгеру.
Қазіргі таңда, Филология факультетінің, Ағылшын тіл білімі кафедрасының үш оқу тобында онлайн форматта Ағылшын тілінің магистрі, Джоржстаун Университетінің грант иегері Джесс Эдвард Берденнің жетекшілігімен «Аналитикалық оқылым» және «Кәсіби бағытталған шетел тілі» пәндері жаңашыл көзқараста әрі жоғары кәсіби тәжірибемен алмаса отырып, жүргізілуде.Бұған дейін Джесс Берден 2018-19 жылдары Астана қаласындағы Назарбаев Университетінде сабақ берген. Көктемгі семестрде «Ағылшын тілінің виртуалды оқытушысы» бағдарламасы аясында кафедра оқытушыларына да біліктіліктерін арттыру мақсатында семинарлар ұйымдастырылатын болады.