Жаңалықтар



12 ақпан күні «Заманауи тілдер және аударматану» кафедрасы жанындағы француз тілі үйірмесінің студенттері Шымкент француз альянсы А.С.Пушкин атындағы қалалық кітапханамен бірлесіп адам жанын баурап алатын"La France charmante" - «Ғажайып Франция» деген атпен ұйымдастырған іс-шараға қатысты. Ол француз жазушысы Рене Гильоның 125 жылдығына арналды. Кездесу Париждегі Елисей сарайында Франция Президенті Э.Макронның 2024 жылының қазан айында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж.Тоқаевтың құрметіне арналған мемлекеттік қабылдауда әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің өнер көрсеткен видеосымен басталды. Кітапхана қызметкерлері сондай-ақ Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар, тағдырдың жазуымен Францияға келген Қазақстанның белгілі өкілдері туралы кеңінен мағлұмат берді. Мысалы, қазақтың көрнекті қайраткері Мұстафа Шоқай, К.Диор мен Ив Сен Лоранның музасына айналған біздің жерлесіміз Алла Ильчун, суретшілер Ұлан Мерсеидов пен Григорий Пономаренков, т.б. Сондай-ақ француз импрессионизмінің негізін қалаған суретші Клод Моненің 185 жылдығына орай кітапхана қызметкерлері оның шығармашылығына тоқталды.
Француз альянсының студенттері Рене Гильоның «Crin blanc» – «Ақ боз ат» шығармасы бойынша шағын қойылымды сәтті көрсетті. Олар бізді актерлік шеберлігімен және француз тілінде өте үлкен рөлдерді есте сақтау қабілетімен таң қалдырды.
Сонымен қатар, көптеген танымал әншілердің репертуарындағы француздың танымал «Belle», «Je veux», «Je t'aime» және басқа да көптеген әндері орындалды.
Жалпы, кездесу өте жылы, достық жағдайда өтті және студенттердің француз тілі мен мәдениетін үйренуге деген қызығушылығы мен ынтасының артуына ықпал етті.
Ералиева З.Ж. – «Заманауи тілдер жәнеаударматану» кафедрасының аға оқытушысы